Жаңалықтар
2026 жылғы 28–29 қазанда Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде «Орталық Азиядағы медициналық білім беруді трансформациялау: болашақ денсаулық сақтау жүйелері үшін оқытуды жетілдіру және цифрлық құзыреттерді дамыту» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияны Назарбаев Университетінің Медицина мектебі (NU SOM) британдық Advance HE ұйымымен бірлесіп, University Medical Center (UMC) серіктестігімен ұйымдастырды. Іс-шара өңірдегі медициналық білім берудің болашағын талқылау мақсатында медициналық жоғары оқу орындарының оқытушыларын, медицина қызметкерлерін, студенттерді, мемлекеттік органдар өкілдері мен халықаралық сарапшыларды біріктірді. Конференцияға сегіз ел мен аумақтан: Қазақстан, Нидерланд, Ұлыбритания, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Гонконг және Италиядан 150-ге жуық адам қатысты.
Петр Поспелов атындағы Қарағанды медицина университеті КеАҚ атынан отбасылық медицина кафедрасының профессоры Б.К. Омаркулов, отбасылық медицина кафедрасының ассистент-профессоры Л.С. Нургазина, ЦСОТ директоры, профессор Г.С. Кемелова, Қоғамдық денсаулық сақтау және мейіргер ісі мектебінің профессоры Т.Т. Киспаева, сондай-ақ «Медицина» білім беру бағдарламасының 5-курс білім алушылары А. Икромова мен А. Мырзағали қатысты.
Конференцияның негізгі бағыттары:
- Білім берудегі жасанды интеллект және генеративті технологиялар. Клиникалық жағдайлар мен симуляциялық оқыту сценарийлерін әзірлеу үшін генеративті жасанды интеллектіні сынақтан өткізу, сондай-ақ студенттерді жасанды интеллект жауаптарын сыни тұрғыдан бағалауға және олардың ғылыми дәлелділігін тексеруге үйрету.
- Пассивті дәрістердің орнына белсенді оқыту әдістерін қолдану. Халықаралық сарапшылардың, соның ішінде Маастрихт университетінің профессоры Эрик Дриссеннің қатысуымен клиникалық жағдайларды талдау, қателерді саралау және диагноздарды бірлесіп талқылау.
- Пациенттердің қауіпсіздігі және клиникалық ойлау. Баяндамашылар технологиялардың шешім қабылдауға көмектесуі тиіс екенін, алайда кәсіби пайымдаудың орнын алмастырмауы қажет екенін атап өтті.
- Халықаралық ынтымақтастық және Erasmus+. Академиялық серіктестік пен стандарттарды еуропалық тәжірибелермен үйлестіруге арналған таныстырылымдар ұсынылды. Осы бағытта Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесінің өкілі Лаура Полуанова баяндама жасады.
- Медициналық білім беруді, ғылым мен практиканы интеграциялау. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Нидерланд, Ұлыбритания, Гонконг және Италия жоғары оқу орындарының ректорлары мен өкілдерінің қатысуымен панельдік пікірталастар өтті. Конференцияға жалпы 150-ге жуық адам қатысты.
Конференцияның екінші күні қатысушылар шағын топтарда жұмыс істеп, оқытушылардың құзыреттерін дамытуға және цифрлық әрі симуляциялық бағдарламаларды интеграциялауға бағытталған практикалық бастамаларды жетілдіру жолдарын талқылады. ЦСОТ директоры, профессор Г.С. Кемелова «Медициналық білім беруді трансформациялау: FAIMER және симуляциялық оқыту тұрғысынан Қазақстан тәжірибесі» («Transforming Medical Education: Kazakhstan's Experience Through the Lens of FAIMER and Simulation-Based Learning») тақырыбында баяндама жасады.