ЭЛЕКТРОНДЫҚ ПОСТЕРЛІК БАЯНДАМАЛАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Электронды постер үлгісі

ЭЛЕКТРОНДЫҚ ПОСТЕРЛІК БАЯНДАМАЛАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

«International Biomedical Forum: Research and Innovation»

II Халықаралық биомедициналық форумы

2026 жылғы 22–23 қазан, Қарағанды медицина университеті

 

1. Тақырыптық бағыттар

Электрондық постерлік баяндамалар келесі бағыттар бойынша қабылданады:

Жаңа дәрілік заттарды әзірлеу және енгізу

Дәрілік молекулаларды әзірлеу, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулер, трансляциялық фармакология, дәрілік заттардың тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалау, жаңа дәрі жеткізу жүйелері және перспективалы терапиялық тәсілдер.

OMICs технологиялары

Геномика, транскриптомика, протеомика, метаболомика, эпигеномика, мультиомикстік зерттеулер, молекулалық биомаркерлер және дербестендірілген медицина.

Биомедицинадағы биоинформатика, деректерді талдау және жасанды интеллект

Биоинформатикалық талдау, медициналық статистика, машиналық оқыту, болжамдық модельдер, клиникалық шешім қабылдауды қолдау жүйелері, биомедициналық деректерді өңдеу және денсаулық сақтау саласындағы цифрлық шешімдер.

Биоинженерия және медициналық технологиялар

Биоматериалдар, тіндік инженерия, медициналық техника, диагностикалық жүйелер, биосенсорлар, медициналық робототехника, телемедицина, цифрлық медициналық бұйымдар және оңалту технологиялары.

Докторанттар мен жас зерттеушілер көрсетілген бағыттардың кез келгені бойынша электрондық постерлер ұсына алады.

 

2. Жалпы талаптар

Қатысуға келесі материалдарды қамтитын постерлер қабылданады:

·       бірегей ғылыми зерттеулердің нәтижелері;

·       клиникаға дейінгі немесе клиникалық зерттеулердің нәтижелері;

·       жүйелі және аналитикалық шолулар;

·       ғылыми немесе практикалық маңызы бар клиникалық жағдайлар;

·       медициналық технологияларды, медициналық бұйымдарды, бағдарламалық шешімдерді немесе прототиптерді әзірлеу нәтижелері;

·       ғылыми негізделген тұжырымдамалар мен пәнаралық жобалар.

Материалдар форумның тақырыбына сәйкес келуі керек, ғылыми тұрғыдан негізделген тұжырымдарды қамтуы тиіс және зерттеу мен жарияланым этикасының талаптарына сай рәсімделуі тиіс.

 

3. Техникалық формат

Электрондық постер бір слайд түрінде рәсімделеді.

Негізгі параметрлері:

·       слайдтың арақатынасы — 16:9, бағдарлануы — көлденең;

·       ұсынылатын слайд өлшемі — 33,867 × 19,05 см;

·       файл форматы — PDF (қажет болған жағдайда PPTX форматындағы бастапқы файл сұратылуы мүмкін);

·       файл көлемі — 20 МБ-тан аспауы тиіс;

·       барлық қаріптер қосымша орнатусыз дұрыс көрсетілуі қажет;

·       суреттер жеткілікті ажыратымдылықта болып, үлкен экранда көрсетілген кезде анық көрінуі тиіс;

·       бейне, анимация, аудио және автоматты ауысулар қолданылмайды;

·       постерде негізгі нәтижелерді түсіну үшін міндетті болатын сыртқы сілтемелер қойылмауы тиіс.

Бір постерде тек бір ғана баяндама орналастырылады.

 

4. Постердің құрылымы

Электрондық постердің жоғарғы бөлігінде:

-    баяндаманың атауы;

-    барлық авторлардың тегі мен аты-жөнінің бас әріптері;

-    ұйымның атауы;

-    қала және ел;

-    баяндаманы ұсынатын автордың электрондық пошта мекенжайы;

-    ұйымның логотипі (болған жағдайда) көрсетілуі тиіс.

Постердің негізгі бөлігінде:

-    кіріспе немесе зерттеудің өзектілігінің қысқаша негіздемесі;

-    зерттеудің мақсаты;

-    материалдар мен әдістер;

-    негізгі нәтижелер;

-    қорытындылар;

-    қаржыландыру туралы мәліметтер берілуі тиіс.

Қосымша ретінде мыналар ұсынылуы мүмкін:

-    нәтижелерді талқылау;

-    практикалық ұсынымдар;

-    зерттеудің биоэтика жөніндегі комиссия мақұлдауынан өткені туралы ақпарат;

-    жарияланымға немесе қосымша материалдарға сілтемесі бар QR-код.

 

5. Құрылымды бейімдеуге қойылатын ұсынымдар

Клиникалық жағдай үшін мынадай құрылым ұсынылады:

·       өзектілігі;

·       клиникалық жағдайдың сипаттамасы;

·       диагностика;

·       жүргізілген емдеу немесе араласу;

·       нәтижелер;

·       талқылау;

·       қорытынды.

Әзірлеме, технология немесе прототип үшін:

·       мәселе;

·       ұсынылатын шешім;

·       жұмыс істеу қағидаты немесе әзірлеу әдісі;

·       алынған нәтижелер;

·       артықшылықтары;

·       практикалық қолданылу саласы;

·       дайындық деңгейі және енгізу перспективалары.

 

6. Рәсімдеуге қойылатын талаптар

Постер экранда көрсетілген кезде көрнекі, түсінікті және оңай оқылатын болуы тиіс.

Ұсынылады:

-    2–3 қаріп түрінен артық қолданбау;

-    мәтін мен фонның контрастылығын сақтау;

-    тақырыптар, кестелер және иллюстрациялар үшін бірыңғай стиль қолдану;

-    ақпаратты 3–4 логикалық байланысқан блокқа орналастыру;

-    сызбаларға, диаграммаларға, графиктерге және суреттерге басымдық беру;

-    тұтас мәтін көлемін шектеу;

-    негізгі нәтижелер мен қорытындыларды көрнекі түрде ерекшелеу.

Ұсынылатын қаріп өлшемдері:

-    баяндама атауы — кемінде 28 pt;

-    авторлар мен ұйым туралы мәліметтер — кемінде 18 pt;

-    бөлім тақырыптары — кемінде 20 pt;

-    негізгі мәтін — кемінде 16 pt;

-    суреттер мен кестелерге арналған түсіндірмелер — кемінде 14 pt.

-    жалпы мәтін көлемі 500–700 сөзден аспағаны жөн.

 

7. Мазмұнына қойылатын талаптар

Баяндама атауы жұмыстың мазмұнын қысқа әрі нақты көрсетуі тиіс.

Зерттеудің мақсаты, әдістері, нәтижелері және қорытындылары өзара логикалық байланыста болуы қажет.

Қорытындылар ұсынылған нәтижелерге негізделуі тиіс.

Барлық қысқартулар алғаш қолданылған кезде толық ашылып жазылуы қажет.

Кестелер, графиктер және суреттер атауларымен немесе түсіндірме жазуларымен берілуі тиіс.

Сандық нәтижелерді пайдаланылған статистикалық көрсеткіштермен бірге көрсету ұсынылады.

Салыстырмалы зерттеулерде анықталған айырмашылықтардың статистикалық маңыздылығы көрсетілуі тиіс.

Пайдаланылған суреттер мен деректердің дереккөзі міндетті түрде көрсетілуі қажет.

Пациенттердің жеке деректерін немесе олардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін суреттерді орналастыруға жол берілмейді.

Адамдардың немесе жануарлардың қатысуымен жүргізілген зерттеулерде, егер талап етілсе, биоэтика жөніндегі комиссияның мақұлдауы туралы мәлімет көрсетілуі тиіс.

Коммерциялық атаулар ғылыми қажеттілік болған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін. Материал жарнамалық сипатта болмауы тиіс.

 

8. Постердің тілі

Электрондық постер келесі тілдердің бірінде дайындалуы мүмкін:

ü қазақ тілінде;

ü орыс тілінде;

ü ағылшын тілінде.

Қазақ немесе орыс тілінде дайындалған постерлерде қосымша ағылшын тілінде мынадай ақпаратты көрсету ұсынылады:

ü баяндама атауы;

ü авторлардың аты-жөні және аффилиациялары;

ü негізгі қорытындылар.

 

9. Постерді таныстыру

Электрондық постерлер форум бағдарламасына сәйкес мультимедиялық экрандарда көрсетіледі.

Баяндаманы ұсынатын автор постерлік сессия барысында қатысып, өз жұмысын қысқаша таныстыруы тиіс:

-     постерді таныстыру — 3 минутқа дейін;

-     сұрақтарға жауап беру — 2 минутқа дейін.

Баяндама барысында автор тек алдын ала ұсынылған бір электрондық постерді пайдаланады. Қосымша слайдтарды қолдануға жол берілмейді.

 

10. Материалдарды ұсыну

Электрондық постер Ұйымдастыру комитетінің conference.kmu@gmail.com мекенжайына жіберіледі.

Файл атауының үлгісі: БіріншіАвтордыңТегі_ҚысқашаАтауы_Бағыты.pdf

Мысалы: Иванов_Инсульт Биомаркерлері_OMICs.pdf

Жіберілетін электрондық нұсқа соңғы нұсқа болуы және форумда ұсынылатын материалға толық сәйкес келуі тиіс. Материалдарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін файлды ауыстыру Ұйымдастыру комитетінің келісімімен ғана мүмкін болады.

 

11. Сараптау және қабылдау

Материалдар форумның ғылыми комитеті тарапынан алдын ала қаралып, баяндамалар іріктеледі.

Материалдарды қабылдамауға мынадай жағдайлар негіз болуы мүмкін:

·       форумның тақырыптық бағыттарына сәйкес келмеуі;

·       ғылыми немесе практикалық маңыздылығының болмауы;

·       зерттеу нәтижелерінің немесе негізделген қорытындылардың болмауы;

·       зерттеу және жарияланым этикасының талаптарын бұзу;

·       деректердің сенімсіз немесе дұрыс ұсынылмауы;

·       айқын жарнамалық сипатта болуы;

·       техникалық талаптардың сақталмауы;

·       материалдардың белгіленген мерзімнен кейін ұсынылуы.

Ғылыми комитет авторларға материалдарды түзетуді ұсынуға немесе постерді басқа тақырыптық бағытқа ауыстыру туралы шешім қабылдауға құқылы.

 

12. Бағалау

Конкурстық бағалау барысында төмендегі критерийлер ескеріледі:

Критерийлері

Ұпайы

Зерттеудің өзектілігі және ғылыми маңыздылығы

15

Зерттеудің немесе әзірлеменің жаңашылдығы

15

Әдіснаманың негізділігі

15

Нәтижелердің сенімділігі және ұсынылу сапасы

20

Қорытындылардың алынған нәтижелерге сәйкестігі

10

Практикалық немесе трансляциялық маңыздылығы

10

Постердің көркемделу сапасы

10

Баяндаманы таныстыру және сұрақтарға жауап беру

5

Барлығы

100

Бағалау қорытындысы бойынша докторанттар мен жас зерттеушілер арасында үздік электрондық постерлік баяндамалар анықталуы мүмкін.

Жарнамалар лентасы